Жұма, 30 қазан күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Қарғалы аудандық ауруханасының бас дәрігеріне мобильді диагностикалық кешенді көліктің кілтін табыстады. Көшпелі жағдайдағы зерттеулердің кең спектрін жүргізуге арналған медкешен заманауи рентген және флюрография бөлімі, ЭКГ-12 арналы аппарат, гинекологиялық тексеруге арналған кресло, қан сақтауға арналған тоңазытқышпен қамтылған. Сондай-ақ, шұғыл жағдайда босандырып алу мүмкіншілігі қарастырылып, мүгедек азаматтардың кіруіне арналған автоматты түрде көтерілетін пандус орнатылған. Заманауи жылжымалы кешен Қостанай қаласында “СарыарқаАвтоПром” ЖШС-де құрастырылған.